Жетісу облысы, Талдықорған қаласында «Ауыл шаруашылығы саласының қазіргі ахуалы және даму жолдары» тақырыбында, семинар-кеңес өтті.
2023 жылы маусымның 27-ші жұлдызында Жетісу облысы, Талдықорған қаласында «Ауыл шаруашылығы саласының қазіргі ахуалы және даму жолдары» тақырыбында, Жетісу облысының әкімдігімен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұйымдастыруымен семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңес жұмысына Жетісу облысының әкімі Б.Ө. Исабаев, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» Вице-президенті А.Қ. Күрішбаев, аграрлық саладағы көптеген белді ғалымдар мен институт басшылары, ауыл шаруашылық тауар өндірушілер және аудан әкімдері қатысты.
Семинар-кеңесте Бейбіт Исабаев аграрлық саланы дамыту үшін ғылым мен өндіріс арасында интеграция болса, яғни ауылшаруашылығы тауар өндірушілері, ғылымдағы жаңа ғылыми әзірлемелерді өндірісте қолданған жағдайда өнімді арттыруға септігін тигізетініне, сондай-ақ өңірде білікті мамандардың жетіспеушілігі сияқты бірқатар мәселелерді көтерді.
А.Қ Күрішбаев Жетісу облысының ауыл шаруашылығыныңы бірақатар салалары бойынша ғылыми қолдау көрсетуге ғалымдардың дайын екендігін және «Білім тарату орталығын» ашу туралы ұсыныс білдірді. Орталық ашу туралы ұсынысқа семинарға қатысушы ғалымдар қолдау білдірді.
Семинар-кеңесі жұмысы барысында ғылыми-зерттеу институттарының бүгінгі таңдағы ғылыми жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде институтымыздың Ғылым жөніндегі Басқарма төрайымының орынбасары, PhD С.И. Танирбергенов институттың атқарылып жатқан ғылыми зерттеулерін және жаңа технологияларын таныстырды.