ОСПАНОВ ӨМІРБЕК ОСПАНҰЛЫ
(10.08.1906 - 08.04.1993)

Өмірбек Оспанұлы Оспанов геолого-минералогия ғылымдарының кандидаты (1937), ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі (1962), ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). Отандық топырақтану мектебінің негізін қалаушы.

Ө.О.Оспанов 1906 жылы 10 тамызда Торғай облысы, Қостанай уезі, Сарыой болысының Тоғызақ ауылында кедей шопан отбасында дүниеге келген. Қазірге кезде бұл Қостанай облысының Федоров ауданының Новошумовский ауылдық округі. Әкесінің қайтыс болғаннан кейін (1919 ж.) 13 жасар баланың иығына күнделікті өмірдің ауыр жүгі артылды, отбасын асырау керек болды. Бір қап ұн мен бір кесе тұз үшін ауыр жұмыстар жасауға тура келді. Алайда ол өзіне деген сеніммен «Мен жердің көмекшісі болғым келеді, сұр жусанның орнына нан өсіріп, ағашар гүлдегенін қалаймын» дейтін. Ол өз дегеніне жетті.

Қостанай уезінің Тоғызақ ауылында үш жылдық бастауыш мектепті және 1922 жылы Қостанай қаласында төрт сыныпты орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін ол Қостанай Комсомол Губкомы мен губполитпростың жолдамасы бойынша өзімен жаста балалар тобымен Саратов мектеп-интернатына жіберіледі. 1925 жылы мектепті ойдағыдай бітіріп, Орынбор рабфакта, ал 1927-1931 жылдары Ленинград және одан кейін Мәскеу қалаларындағы Тимирязев ауылшаруашылық академиясының агрохимия және топырақтану факультетінде білімін жалғастырады. Мұнда ол көрнекті кеңестік топырақтанушылардың дәрістерін тыңдайды.

1931 жылы Өмірбек Оспанұлы қазақ жастарының арасында бірінші болып агроном-топырақтанушы мамандығы бойынша жоғары білім алады. 1931 жылы Бүкілодақтық тыңайтқыштар және агротопырақтану Институтына аспирантураға түседі, ал 1932 жылы БКП(б) Қазкрайкомы мен КСРО ҒА Президиумының қазақстандық КСРО ҒА базасы үшін кадрлар даярлау туралы шешіміне сәйкес В. В. Докучаев атындағы Топырақ Институтына арнайы аспирантураға жіберіледі.

1937 жылдың мамыр айында геолого-минералогия ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін «Тақырлардың генезисі және мелиорациясы» тақырыбындағы диссертациясын сәтті қорғап шығады. Автор тақырлар генезисінің топырақ-геологиялық теориясын алға тартады және сәтті қорғайды, оларды мелиорациялаудың ғылыми негізделген әдістерін ұсынады. Ғылыми жетекшілер Е. Н. Иванова мен И. П. Герасимов және ресми қарсыластары Л.И. Прасолов пен Б. Б. Полынов Оспановтың диссертациялық жұмысын «Орта Азия топырағы бойынша арнайы әдебиеттерге ауқымды және ерекше үлес қосқан..» деп жоғары бағалады. 1940 жылы «Тақырлардың генезисі мен мелиорациясы" жеке кітап болып жарық көрді, БЛКЖО ОК сыйлығымен және Қазақстан ЛКЖО ОК Құрмет грамотасымен марапатталды. Аталған жұмыс қазіргі уақытта да өзекті болып табылады.

1936 жылы Алматыға оралып, Ө.О. Оспанов КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық базасында белсенді ғылыми және ғылыми-ұйымдастырушылық жұмысқа кіріседі. Кеңгір өзенінің оң жағалауындағы Жезқазған қаласының маңындағы тұзданған боз  топырақтарда шөлді топырақты мелиорациялау бойынша тәжірибелік станция ұйымдастырады. Мұнда дайындалған топырақты игеру әдістері көкөніс дақылдарын, бұталарды және мал азықтық шөптердің көптеген сорттарын сәтті өсіруге мүмкіндік берді. Үш жылдық тәжірибелік сынақ барысында Орталық Қазақстанның құрғақ шөлді жағдайында жерді кеңінен игеруге жарамды, аязға- құрғақшылыққа және тұзға төзімділігі жоғары ағаштардың, бұталардың, жеміс – жидек және дәрілік шөптердің 70 сорты анықталды.

Жезқазған станциясындағы тәжірибелік жұмыстардан басқа Ө.О.Оспанов Орталық Қазақстанның Жезқазған-Ұлытау, Торғай. Шалқар-Арал, Бетпақдала, Батыс Балқаш сияқты шөлді және шөлді-дала аудандарында, Есіл, Нұра, Сарысу, Тоқырау өзендерінің аңғарларында үлкен топырақ-географиялық және топырақ-мелиорациялық зерттеулер жүргізеді. Аталған зерттеулердің ғылыми нәтижелері Ө.О.Оспановтың келесі ғылыми мақалаларында жарияланды: «Үлкен Жезқазған қосалқы шаруашылықтарының топырақ жағдайлары туралы» (1940), «Орталық Қазақстанның шөлді жерлерін игеру» (1943), «Боз топырақ туралы көзқарастардың эволюциясы» (1947), «Жезқазған ауданының су-жер ресурстарын игеру мәселесіне» (1949), «Жезқазған өнеркәсіптік ауданының топырақтары» (1954) және басқалары.

1939 жылы Ө.О.Оспановтың бастамасымен КСРО ҒА Қазақ филиалының құрамында топырақ секторы ұйымдастырды, кейінен 1943 жылы оның базасында КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының топырақ-ботаникалық институты құрылды. Топырақ -ботаникалық институты құрылғанан бастап Ө.О.Оспанов 25 жылға жуық нәтижелі басқарды, кейін зейнеткерлікке шыққан соң 1993 жылға дейін география және топырақ картографиясы бөлімін басқарды және Топырақтану институтының ғылыми кеңесшісі болды.

Осы кезеңде Ө.О.Оспановтың Республикадағы ғылымның және ғылыми зерттеулердің ірі ұйымдастырушысы ретіндегі таланты айқын көрінеді. Халық шаруашылығының сұраныстарына сәйкес ғылыми ізденістің жан-жақты ойластырылған стратегиясы, топырақтанудың шешуші бағыттарында ғылыми күштер мен материалдық құралдарды шебер шоғырландыру, ұжымдағы жақсы шығармашылық ахуал Өмірбек Оспанұлына ҚазКСР ҒА қарасты Топырақтану институтын Еуразия құрлығындағы бірқатар ірі ғылыми орталықтар қатарынан көрінуге мүмкіндік береді. Қысқа уақыт ішінде шамамен 100 млн.га. жер зерттеліп, Қазақстанның солтүстік облыстарында сапасы бойынша үздік қара және қара қоңыр топырақтардың 22,6 млн. га жер бірінші кезекте игеруге ұсынылды. Аталған жұмыстар ауыл шаруашылығы өндірісінің ілгерілеуіне, КСРО елдері арасында Қазақстанның қатты және күшті сортты жоғары сапалы тауарлық астық өндіру бойынша елдің сарқылмас қорына айналуына үлкен септігін тигізді. 

Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен ірі топырақ-географиялық және топырақ-мелиорациялық зерттеулер жүргізілді, Қазақстанның барлық облыстарының топырақ карталары және республиканың түрлі түсті топырақ картасы М 1:2500000 (1976) жасалды. Бұл карта кейінірек В.В. Докучаев атындағы топырақ институты шығарған Бүкіләлемдік картаның бөлігі болып табылады.Топырақтарды жіктеудің, диагностикалаудың және агроөндірістік топтастырудың ғылыми негіздері әзірленіп, топырақ ресурстарының сандық-сапалық құрамы және оларды ауыл шаруашылығында игеруге жарамды жерлердің резервтері анықталды. Ө. О. Оспановтың редакциялауымен "Қазақ КСР топырақтары" сериялық монографиясының (1960-1983) басылымдары жарық көрді.

Топырақтану және Қазақстанның жер ресурстарын игеру мәселелерін әзірлеу саласындағы еңбегі үшін Өмірбек Оспанұлы "Құрмет Белгісі"; "Еңбек Қызыл Ту" және тың және тыңайған жерлерді игергені үшін «В.И. Ленин» ордендерімен марапатталды. Соным–н қатар медальдармен: «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін»; «Ерен еңбегі үшін»; «Тың жерлерді игергені үшін»; «БАШК Үлкен алтын медалі»; «БАШК қатысушысы»; «Ерен еңбегі үшін» В. И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай; «Алтын ХШЖК медалі»; «Еңбек майданының қатысушысы» Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің XXX жылдығына орай; «Еңбек ардагері»; «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің қырық жылы».

Ө.О. Оспановтың жетекшілігімен оның 9 шәкірті кандидаттық диссертациялар қорғады, белгілі топырақтанушы ғалымдар, ғылым докторлары мен академиктер.

^
Жоғарыға