Аханов Жахан Әлішерұлы ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы (1987), ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі (1989), профессор (1993), ҚР ҰҒА академигі (2003), Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984).
Аханов Жахан Әлішерұлы 1936 жылы 12 қаңтарда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Жаңақорған кентінде дүниеге келген. 1955 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.), биология-топырақтану факультетіне оқуға түсіп, оны 1960 жылы Топырақтану мамандығы бойынша бітірген.
Ж.Ә. Аханов 1960 жылдан бастап Қаз КСР ҒА Топырақтану институтында жұмыс жасап, қызмет жолын кіші ғылыми қызметкерден бастады және Шу тірек пунктінің меңгерушісі (1960-1967) Топырақтану институтының ғылыми хатшысы (1967-1969), суармалы топырақты мелиорациялау зертханасының меңгерушісі болды. 1969 жылдан бастап директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары (1972-1984) 1984 - 1994 және 1997 - 2001 Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған Ө.О.Оспанов атындағы Топырақтану институтының директоры лауазымдарын атқарды. 1994 жылғы ақпаннан 1997 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Төралқа мүшесі және биология ғылымдары бөлімінің академик-хатшысы. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша 1968 жылы «Ұланбел тасқыны мысалында Шу өзенінің төменгі ағысындағы топырақтардың су-тұз режимі» тақырыбында кандидаттық диссертация және 1987 жылы "Оңтүстік Қазақстан өзендерінің сағасындағы топырақ түзілуінің заманауи процестері" (Мәскеу) тақырыбында докторлық диссертация сәтті қорғады. 1993 жылы профессор атағы берілді, ал 1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды.
Ж.Ә. Аханов - топырақ ғылымы саласындағы ірі ғалым, Қазақстандағы мелиорациялық топырақтанудың негізін қалаушылардың бірі. Ғылыми зерттеулері өнімділігі төмен топырақтардың генезисі мен мелиорациясының іргелі және қолданбалы проблемаларын, антропогендік техногендік ластану және құрғақшылық жағдайындағы дельталық топырақ түзілу процестерін, жерді мелиорациялық бағалау мен аудандастыруды, мелиорация технологиясын әзірлеуді және топырақ құнарлылығын қалпына келтірудің ғылыми негіздемесін қамтиды.
Ж.Ә. Аханов жетекшілігімен жерді мелиорациялық бағалаудың негіздемесі жасалып, Қазақстанның топырақ ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау жөніндегі іс-шаралар әзірленді. «Еділ-Орал өзендері арасының топырақ-мелиорациялық жағдайлары» және «Еділ-Орал өзендерінің арасы суару объектісі ретінде" атты 2 томдық монографиясында топырақ-мелиорациялық жағдайлары қалыптасуының негізгі заңдылықтары негізделген және осы негізде суаруды дамытудың келешегіне баға беріліп, Каспий маңы ойпатының кең аумағын мелиорациялаудың тиімді әдістері әзірленді.
Ж.Ә. Аханов Қазақстанның оңтүстігінде үлкен көлемдегі топырақ, топырақ-галогеохимиялық және мелиорациялық іргелі зерттеулерлерін орындады. 70-ші жылдардан бастап оның басшылығымен топырақ-мелиорациялық зерттеулер тұзданған, содалытұзданған және сілтілігі жоғары топырақтарды мелиорациялаудың тиімді технологияларын әзірлеуге, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстанның Дельта жазықтарының топырақ жамылғысының антропогендік трансформация дәрежесін зерттеуге бағытталған. Көпжылдық аймақтық және стационарлық зерттеулердің негізінде Шу өзені сағасындағы топырақтардың пайда болуының заманауи үрдістері, генезисі, қасиеттері және өзен сағасы топырақтарының эволюциялық үрдістері анықталды. Көпжылдық зерттеулер барысында ол дельта топырақтарының түбегейлі жаңа заңдылықтарын бекітті және де аллювиалды топырақ түзілуінің трансформация үрдісін генетикалық-геохимиялық талдауға және өзен ағысы күрт төмендегенде, аллювиалды-Дельта жазықтарының спорадикалық немесе үздіксіз құрғаған жағдайда топырақтың дамуына негізделген аллювиалды жазықтардың топырақтарының генезисі мен эволюциясы тұжырымдамасын әзірледі.
Оның гало-химиялық үрдістердің ерекшеліктерін, аллювиалды топырақтарда гумус түзілу ерекшелігі мен гумус жағдайын және дельта жазығындағы кешенді топырақ-мелиорациялық аудандастыру мәселелерін талдауы «Шу өзені алқабының топырағы» (1871) «Таш-Өткел суармалы алқабының топырағының су-тұз режимін реттеу» (1982); «Оңтүстік Қазақстанның дельта жазықтарындағы топырақ түзілуі» (1987).атты іргелі монографияларында көрініс тапты.
Оның жетекшілігімен және тікелей қатысуымен Қазақстан аумағында көпжылдық топырақ-мелиорациялық зерттеулердің нәтижелерін ауқымды теориялық жалпылау орындалды. Карта жасалып, жердің табиғи-топырақ-мелиорациялық жағдайларын аудандастырудың және кешенді бағалаудың жаңа тұжырымдамалары әзірленіп, топырақ ресурстарын пайдаланудың оңтайлы жолдары негізделген «Қазақстан жазықтығын табиғи-мелиорациялық аудандастырылуы» (1993) атты 2 бөлімді монография басылып шықты. Аталған жұмыс қара қоңыр толпырақтарда ауыл шаруашылығының астық - мал бағытын және қара топырақтарда астық дақылдары бағытын дамытудың орындылығын дәлелдеді.
Қазақстанның үлкен бөлігін алатын экологиялық тұрақсыздықтың қазіргі жағдайында Ж.Ә. Аханов жетекшілігімен дайындалған Қазақстанның топырақ ғылымын дамыту тұжырымдамасы өте маңызды болып табылады. Осыған байланысты, Ж.Ә. Ахановтың ғылыми жетекшілігімен институттың іргелі зерттеу бағдарламалары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары тиімділік тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар топырақ құнарлылығын қалпына келтірудің нақты шараларын әзірлей отырып, жаһандық негізде де орындалды. Оның басшылығымен институт үшін «Топырақ құнарлылығын қайта қалпына келтіріп оларды тиімді пайдалану және топырақ ресуртарын қорғау» іргелі зерттеулердің бірыңғай кешенді бағдарламасы әзірленді. Аталған бағдарлама айтарлықты өзекті міндеттерді және еліміздің 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму бағдарламасында орын алатын басымдықтарды шешуді көздейді.
Жахан Әлішерұлының көп жылдық еңбегінің нәтижесінде 220 -дан астам ғылыми еңбектері, оының ішінде 9 монография жарық көріп, 2патент, 5 куәлік алынды.
Аханов Ж.Ә. жетекшілігімен 12 кандидаттық және 4 докторлық диссертация қорғалды.
1971-1981 ж.ж. жарық көрген «Қазақстанда суаруды дамуды негіздеу үшін топырақты мелиоративті бағалаудың ғылыми негіздері» атты монографиялық цикл жұмысы үшін 1984 жылы авторлар ұжымы құрамында Ж.Ә. Ахановқа ғылым мен техника саласы бойынша Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Жахан Әлішерұлы көптеген журанлистерге, мерзімдік басылымдар мен радио, телеарналарға, сонымен қатар Қазақстанда әлем топырақтары, Қазақстан топырақ жағдайы мен мәселелері туралы көп сериялы фильм түсіріп жүрген жапон кинодокументалистеріне де сұхбат берген. Ол Қазақстанның топырақ және экологиялық мәселелері бойынша көптеген үкіметтік комиссия мүшесі, Қазақстан атынан көптеген мемлекеттерде халықаралық делигациясының мүшесі болды.