Тұрақты егіншілік жағдайында топырақ құнарлығын арттыру арқылы Түркістан облысының тұзданған топырақтарында жүгерінің өнімділігін арттырудың инновациялық агротехнологиясы

📌 Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігі, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ-ның қаржыландыруымен «Тұрақты егіншілік жағдайында топырақ құнарлығын арттыру арқылы Түркістан облысының тұзданған топырақтарында жүгерінің өнімділігін арттырудың инновациялық агротехнологиясы» бизнес жобасы Түркістан облысы, Отырар ауданында «Ұлан-Отырар» ЖШС-де 20 га аумақта жүзеге асырылды.  

🌾 Отырар ауданының қуаң далаларында орналасқан ауылшаруашылық алқаптарындағы тұзданған және құнарлылығы төмен топырақтардың өнімділігін арттыру – өңірдегі әр шаруа қожалығының басты міндеті. Аталған күрделі агроэкологиялық жағдайларда тұрақты және мол өнім алу үшін жаңа технологияларды енгізу және ғылыми негізделген шешімдерді қолдану өзекті болып отыр. 

🔬Осы бағытта, Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары:  Агрохимия бөлімінің меңгерушісі а.ш.ғ. кандидаты, доцент Амиров Б.А., Тұзданған топырақтарды мелиорациялау бөлімінің меңгерушісі РһD Пошанов М.Н., Топырақ құнарлығы және биологиясы бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, докторант Абай А.К. ауқымды зерттеулер жүргізді. Институт ғалымдары аймақтың табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып ашық сұр топырақтардың тұздану деңгейін (электроөткізгіштік) және топырақтың қоректік элементтер (NPK, гумус) қорын жан-жақты зерттеп, шаруашылықтың топырақ құнарлылығын қалпына келтіру және ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру бойынша жаңа ұсыныстар мен технологиялар әзірледі.

🗺️ Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде аудан топырақтарының мелиоративтік және агрохимиялық карталары жасалып, олардың химиялық құрамына терең талдау жүргізілді. Осы құнды деректер негізінде жүгері дақылына арналған тыңайтқыш нормалары мен агротехникалық тәсілдерді ғылыми тұрғыда есептеуге мүмкіндік беретін математикалық модельдер дайындалды. Бұл тәсіл ауыл шаруашылығында артық шығынды азайтып, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

🌱 Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен әзірленген ұсыныстар негізінде, қазіргі уақытта тәжірибелік жүгері егістері құрылып, шаруа қожалықтарына арналған нақты нұсқаулықтар дайындалды. Отырар ауданында өткізілген кездесулер барысында жүгері дақылын өсіру бойынша ғылыми негізделген тәжірибелік кеңестер ұсынылды. 

Зерттеу барысында топырақтың физикалық және химиялық қасиеттері жан-жақты сараланып, тұздардың мөлшері мен қоректік элементтердің қоры анықталды. Осы мәліметтерге сүйеніп, тыңайтқыштарды дәл әрі үнемді қолданудың жолдары айқындалды.

📈 Ғылымға негізделген есептеу әдісінің тиімділігі өз нәтижесін көрсетті: алғашқы нәтижелер Шәілдір суармалы алқабының тұзданған топырақтарында да жоғары өнім алуға болатындығын көрсетіп отыр.

Жайқалып тұрған жүгері алқабы ғылым мен тәжірибенің үйлесімді еңбегінің айқын дәлелі. Бұл еңбек аудан диқандарына үлкен демеу болып, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтерудің нақты жолын көрсететіне сенімдіміз.

Алғашқы нәтижелер жүгеріден жоспарланған өнім көлемін алуға толық мүмкіндік бар екенін көрсетті.

Ғалымдардың айтуынша, мұндай тәсілдер тек жүгері емес, қауын-қарбыз, бидай, тіпті жеміс-жидек бақтарын өсіруге де тиімді.

Алдағы уақытта да бұл зерттеулер жалғасып, аймақ шаруалары үшін ғылыми негізделген тың ұсыныстар мен әдістемелік нұсқаулар дайындалмақ. Өңірдің әрбір қарыс жерін тани білген мамандардың еңбегі ауыл шаруашылығында жаңа серпін берері сөзсіз.

@agro_press,  @nasec.kz  


^
Scroll up